Мамандандырылған ХҚКО: «С1» санатына емтихан тапсыратын көлік жөндеуден өткізілуде

Ақтаудағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы «С1» санатына тәжірибелік емтихан тапсыратын көлік жөндеуден өткізілуде. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Lada.kz. Жауаптылардың айтуынша, тәжірибелік «С1» санатына емтихан тапсыратын көлік 29 қараша күні істен шыққан. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ операциялық департаментіне хабарланған. Мамандардың айтуынша, тәжірибелік емтихан тапсыратын автодромға қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарымен айналысатын жауапты мекеме «Adrome automation» ЖШС Алматы қаласында орналасқан. Қазіргі таңда аталған мекеме өкілдері орын алған ақауды реттеу үшін Ақтау қаласына келіп, көлікті жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр екен. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің айтуынша, көлік бұзылмай тұрған кезде бір күнде 20-ға жуық адам сынақ тапсырады.

-Көлік жүріп тұрған уақытында күніне 20-ға жуық қызмет алушыға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, емтихан алды сынағынан өту үшін де күніне 5-10 адам осы көлікпен емтихан тапсыруға алдын ала дайындалады. Емтихан тапсыруға кезек электронды түрде жүргізіледі. Яғни, қағазға қолмен жазылған кезекпен емес. Расында соңғы кезде «С1» санатына емтихан тапсырушылар саны күрт көбейгенін растаймыз, дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, осыған дейін Lada.kz редакциясы маңғыстаулықтардың Ақтаудағы мамандандырылған ХҚКО шағымданғанын жазған болатын.