Маңғыстау облысының прокуроры: еңбек дауларында тараптар бір- бірін тыңдап үйрену керек

Маңғыстау облысының прокуратурасы еңбек дауларын азайтуға және алдын алуға бағытталған «Еңбек жанжалдарының бейбіт шешімі» жобасын іске қосты. Жобаны жүзеге асыру үшін прокуратура, облыс әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен аймақтық кәсіподақ орталығы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Lada.kz прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталған жоба еңбек жанжалдарының алдын алуға және азайтуға бағытталған. Меморандумның негізгі мақсаты уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және коммуникацияларын дамыту, сондай-ақ еңбек дауларын шешуде кәсіподақтардың рөлін күшейту болып табылады.



-Жұмыскерлердің мүдделеріне уақытылы жауап беру еңбек ұжымдарындағы қолайлы ахуалды нығайтуға мүмкіндік береді. Ал мүдделі тараптардың тиісті өзара іс-қимылы адамдардың проблемаларын шешудің жеделдігін қамтамасыз етеді және тиісінше наразылық көңіл-күйін төмендетеді. Жалпы мемлекеттік органдар, кәсіпорын басшыларының еңбек ұжымдарымен кездесулері тұрақты болуға тиіс. Тараптар дауды ушықтырмай, бір-бірін тыңдап, уәделесуді үйрену керек, - дейді облыс прокуроры Руфат Құттықов.

Меморандум шеңберінде еңбек мәселелері жөніндегі жұмыс комиссиясы жұмысқа кірісті. Енді облыстағы даулар мен жанжалдардың себептері, басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеу арқылы талданады.