Маңғыстауда қызылшамен ауырған 36 науқас тіркелді

Маңғыстау облысында қызылша ауруына күдікті 48 жағдай тіркеліп, науқастардан алынған қан сынамаларын зертханалық талдау нәтижесінде 36 науқас анықталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев хабарлады. Спикердің айтуынша облыста аурудың өршуі әр жылдары, мәселен 2015 жылы - 292, 2019 жылы – 1 422 және 2020 жылы – 361 жағдай тіркелген.

-Қызылша – ауа – тамшылы жолымен жұғатын вирусты жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, 2- 4-ші күндері теріге ақшыл қызыл түсті бөртпелердің шығуымен, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз-жұтқыншақ қуысының және көздің шырышты қабықшаларының қабынуымен басталады. Қызылшаны науқаспен қарым – қатынаста болған қызылша ауруына қарсы екпе алмаған адамдар жұқтыруы мүмкін,-дейді Бердібек Саралтаев.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаззат Есенғалиеваның айтуынша, қызылша ауруынан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация.



- Қызылша ауруы асқынса, салдары ауыр. Науқас есту, көру қабілетінен айырылып қалуы, энцефалит, ауыр диарея, құлақ инфекциясы, пневмония, жүрек ақауы секілді ауруларға шалдығуы мүмкін,- деді Лаззат Есенғалиева.

Айта кетейік, қазір облыста 16 396 доза қызылшаға қарсы екпе бар. Тұрғындар қосымша ақпаратты тіркелген ауруханаларына барып біле алады.