Маңғыстауда дәрі-дәрмек бағасы 17,1 пайызға өсті

Қазан айының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында фармацевтикалық өнімдердің бағасы бір жылда 17,1%-ға өскен, деп хабарлайды Lada.kz Energyprom.kz-ке сілтеме жасап. Жалпы ел бойынша медикаменттердің құны 13,3% қымбаттаған. Дәріханалардағы тауарлар бағасы Алматыда бірден 17,5%, Маңғыстау облысында 17,1%, Ақтөбеде 16,7%, Жетісуда 16,2% және Жамбылда 14,4% өсіп, антилидерлер тізіміне енді. Бағаның ең төмен жылдық өсуі Қызылорда облысында тіркелген, яғни бұл өңірде 8,9% ғана қымбаттапты.

Қаңтар-қазан аралығында еліміздегі дәрі-дәрмек өндірісінің құны 112 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға аз.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында елге 1 млрд АҚШ доллары сомасына 18,7 мың тонна дәрі-дәрмек импортталған.

ТМД елдерінен 101,3 млн АҚШ доллары сомасына 6,2 мың тонна медикамент әкелінген. Импорттаушы елдердің үздік үштігіне Ресей, Беларусь, Украина кіреді.

ТМД құрамына кірмейтін елдерден Қазақстанға 900 млн АҚШ доллары сомасына 12,5 мың тонна дәрі-дәрмек жеткізілді. Мұнда Қытай негізгі жеткізуші болып отыр, яғни 2,6 мың тонна дәрі-дәрмекті елімізге импорттап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Үздік үштіктің қатарына Германия мен Үндістан да кірді.

Қайсар Болат