Қарашығанақ дауы: Қазақстан халықаралық арбитражда миллиардтаған доллар қайтармақ
Лондондағы халықаралық арбитраж соты Қарашығанақ кен орнына қатысты дауда Қазақстан үкіметін қолдап, шешім шығарды. Енді Shell, Eni және Chevron сияқты мұнай алпауыттары елімізге 2 миллиардтан 4 миллиард долларға дейін өтемақы төлеуге міндетті, деп хабарлайды Lada.kz.
Блогер Алмас Алтай өзінің желідегі парақшасында бұл жеңістің мән-жайын түсіндіріп өтті. Оның пікірінше, бұл тек бюджетке түсетін қомақты ақша ғана емес, мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы әділеттіліктің орнауы.
Автор бұл істе Қазақстанның мүддесін қорғаған PSA мекемесі мен оның басшысы Бекет Ізбастиннің еңбегін ерекше атап көрсетеді. Даудың басы инвесторлардың «өнімді бөлу туралы келісімді» (СРП) өз пайдасына бұрмалауынан басталған. Яғни, олар шығындарды әдейі көбейтіп көрсетіп, Қазақстанға тиесілі табыс үлесін азайтып келген. Блогер PSA мамандары жүргізген аудит нәтижесінде 2010 жылдан бергі есептердегі шикіліктер әшкереленгенін баяндайды.
Алмас Алтай Қазақстанның Қарашығанақ бойынша осымен үшінші рет жеңіске жетіп отырғанын тілге тиек етеді:
- 2012 жылы еліміз жобадағы 10% үлесті қайтарып алды;
- 2020 жылы 1,3 миллиард доллар өндірілді;
- 2026 жылға қарай тағы 2-4 миллиард доллар ел қазынасына қайтпақ.
Бұл жағдайды «болашаққа жасалған үлкен қадам» деп бағалаған автор, халықаралық сарапшылардың да Бекет Ізбастин командасының кәсібилігіне жоғары баға беріп жатқанын жеткізеді. Ол мұндай табандылық алдағы уақытта Қашаған кен орнындағы мәселелерді шешуге де септігін тигізеді деп болжайды.
Жазба соңында блогер инвесторлардың ендігі жерде Қазақстанның талаптарына құрметпен қарап, заңды аттап өтпейтін болады деп тұжырымдайды.