Жұмыстан шыққан қызметкерлерге бірыңғай тұрғын үй төлемі қараша айының соңына дейін беріледі – 51809 әскери бөлімі

Ақтауда 10 айдан бері бірыңғай тұрғын үй төлемдерін ала алмай жүрген 51809 әскери бөлімінің бұрынғы қызметкерлеріне қараша айының аяғына дейін тиісті ақшасы жіберіледі. Бұл туралы 51809 әскери бөлімінің командирі Марат Құдабаев хабарлады. -Комиссия мүшелері жиналған құжаттарды қарастырып, ҚР Қорғаныс министрлігіне өтініш жазылды. Енді құжаттар сол жерде қарастырылып, қараша айының аяғына дейін өтініш жазғандардың барлығына ақша төленеді. Жалпы әскери бөлім бойынша бірыңғай тұрғын үй төлемін ала алмай жүрген 44 қызметкер бар, деді 51809 әскери бөлімінің командирі Марат Құдабаев.

Командирдің айтуынша, жұмыстан шыққан әскери қызметшілердің кейбіріне ақша уақытылы жіберілген себебі, олар құжатын уақытында өткізген.
-Ешкімді алалап отырған жоқпыз. Жұмыстан шыққаннан кейін бұрынғы қызметкерлер бірыңғай тұрғын үй төлемдерін алу үшін тізім бойынша құжат тапсыру керек. Көбісі тиісті құжаттарды уақытылы алып келмеген. Мәселен, ақпан айында жұмыстан шыққан адамдардың құжатын комиссия мамыр айында қарастырды.

Комиссияның құжаттарды қараған хаттамасы бар, деді 51809 әскери бөлімінің командирі Марат Құдабаев.

Марат Құдабаевтың айтуынша, бірыңғай тұрғын үй төлемін ҚР Қорғаныс министрлігі аударады. Келісімшарт бойынша 51809 әскери бөлімінің жұмыстан шыққан қызметкерлеріне төлемақы «Отбасы банкіндегі» арнайы жинақ шотына жіберіледі. Қазір осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр дейді әскери бөлімдегілер.

Еске сала кетейік, осыған дейін 51809 әскери бөлімінің бұрынғы қызметкерлерінің бірыңғай тұрғын үй төлемін ала алмай жүргенін жазған болатынбыз.

Айбарыс Арлан