Маңғыстау облысының прокуроры: биыл өңірде қылмыс деңгейі 20%-ға төмендеді

Маңғыстау облысында биыл қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов хабарлады. Спикердің айтуынша, прокуратураның бастамасымен тәжірибелі қызметкерлерден ведомствоаралық топ құрылған. Нәтижесінде синтетикалық есірткілерді тарату бойынша 60 телеграмм-арнасының жұмысына тосқауыл қойылып, 4 есірткі зертхана қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, 93 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 76 кг марихуана, 21 кг апиын, 3 кг синтетикалық есірткі алынған.

-Облыс әкімдігі прокуратураның синтетикалық есірткі бойынша 5 000 дана «Экспрес тест» сатып алу туралы ұсынысын қолдады. Оған қоса, Маңғыстау облысының сот сараптамасы орталығына синтетикалық есірткілерді шұғыл анықтайтын аппаратура сатып алуға 412 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, прокурорлар халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Нәтижесінде алаяқтықты 42%-ға, оның ішінде интернет-алаяқтықты 72%-ға төмендетуге қол жеткіздік, - деді Руфат Құттықов.

Сондай-ақ, спикер брифингте мемлекетке 1,5 млрд теңгені құрайтын мүлік қайтарылып, 5 млрд теңгеге үш заңсыз сатып алудың күші жойылғандығы жайлы айтып өтті.

-Біз 600 кәсіпкердің құқықтарын қорғап, олардың 900 млн теңгеге ысырап болуының алдын алдық. Сондай-ақ, ықпалымызбен олигополияның жалпы құны 15 млрд теңгеден асатын 220 гектар "алтын учаскелері" мемлекетке қайтарылды. Прокурорлық қадағалау шараларымен алимент бойынша берешек 43,3 млн. теңгеге төмендетілді, 44 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 27 –не қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ағымдағы жылы облыс тұрғындарымен кездесулердің саны артты. Қол жетімділікті қамтамасыз ету нәтижесімен 1 104 азаматты қабылдадық, - деді Руфат Құттықов.