Маңғыстауда жыл басынан бері вирусты гепатит жұқтырған 26 адам тіркелді

Маңғыстау облысында жыл басынан бері «А» жіті вирусты гепатитпен 25 адам, ал «В» түрімен 1 адам тіркелген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлфара Каримова хабарлады. Спикердің айтуынша, биыл тіркелген науқастар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Биыл 26 науқас тіркелсе, 2022 жылдың 6 айында вирусты гепатитпен 5 адам (гепатит "А" түрімен—4, гепатит"В" түрімен-1) ауырған.

-Вирусты гепатит –түрлі қоздырғыштары өте кең таралған, бауырды зақымдайтын жұқпалы аурулар тобы. Әлемде вирусты гепатиттердің 19 түрі белгілі, Маңғыстау облысында 5 түрі кездеседі. Олар А,В,С,Д,Е түрлері. Соның ішінде, «А» және «Е» гепатиттерінің алдын алу үшін қарапайым тазалық тәртібін және жеке бас гигиенасын, тамақтану гигиенасын, тұрмыстық гигиенаны сақтау қажет, - деді Гүлфара Каримова.

Сондай-ақ, брифингте Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева «А» вирусты гепатитінің таралу себебі, клиникасы мен алдын алу шараларына тоқтала отырып, аурудан сақтанудың ең басты жолы екпе алу екенін айтып өтті.



-Облыс көлемінде «А» вирусты гепатитінің аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3,32% - ды құраса, ал республикалық көрсеткіш -4,14% болып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім болуына байланысты облыс көлемінде вакцинациялау жұмысы күшейтілді, - деді Бибізада Дүйсенбаева.