Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгеге жетті. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл көрсеткішке қатысты түсініктеме беріп, азаматтарды алаңдамауға шақырды. Бұл туралы NUR.KZ жазды, деп хабарлайды Lada.kz.
Қазақстан неліктен қарыз алады
Серік Жұманғариннің айтуынша, қарыз қаражатын тарту елдің дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Ол мұны өз капиталы бар адам немесе компанияның қаржылық мүмкіндіктерімен салыстырды.
Министрдің түсіндіруінше, мемлекет тек қолда бар қаражатқа сүйенсе, даму қарқыны да сол қаржының көлемімен шектеледі. Ал тәуекелдерді мұқият есептеп, қосымша қаражат тарту жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Өзіңізді дамытуға мүмкіндік беретін белгілі бір капиталы бар адам, компания немесе ел деп елестетіп көріңіз. Сіз оны пайдалана аласыз, бірақ бұл жағдайда тек сол капитал аясында ғана дамисыз.
Немесе тәуекелдерді ескере отырып, мұқият есептеу арқылы қарыз тарта аласыз. Қосымша қаражаттың есебінен дамуыңыз тезірек жүреді. Сондықтан халықаралық қаржы операциялары арқылы қарыз тарту – орынды әрі дұрыс шешім. Елдің дамуы әлдеқайда жылдам жүреді», – деді ол.
Мемлекеттік қарыз қаншаға жетті
Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгені, яғни жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызын құраған.
Жұманғарин бұл көрсеткішті басқа елдердің қарыз деңгейімен салыстырды. Оның айтуынша, кейбір мемлекеттерде қарыз көлемі ЖІӨ-нің 100 пайызынан, тіпті 200 пайызынан асып түседі.
Министр Қазақстанды қарыз деңгейі төмен елдердің қатарына жатқызды. Ол үкіметтің қарыз алу көлемін, қаржы тарту тәсілдерін және кредиторларды мұқият қадағалап отырғанын айтты.
Қарыздың басым бөлігі ел ішінде алынған
Серік Жұманғарин мемлекеттік қарыздың шамамен 75 пайызы ішкі қарыз екенін атап өтті. Яғни қаражаттың басым бөлігі Қазақстанның ішкі нарығынан тартылады.
Министр елде Ұлттық қор сияқты қаржылық резерв бар екенін де еске салды. Оның пікірінше, бұл мемлекетке қаржылық міндеттемелерін басқаруға қосымша мүмкіндік береді.
«Үкіметтің қарызы ЖІӨ-нің небәрі 20 пайызын құрайды. Біз қарызы төмен елдер қатарына жатамыз. ЖІӨ-ге шаққандағы қарызы 100 пайыз, тіпті 200 пайыздан асатын елдер бар. Біз қанша қарыз алатынымызды, қалай алатынымызды және кімнен алатынымызды өте мұқият қадағалап отырмыз.
Қарыздың басым бөлігі – шамамен 75 пайызы – ішкі қарыз. Біз оны ішкі нарықтан аламыз. Бізде Ұлттық қор сияқты жеткілікті көлемдегі буферлік капитал бар. Бұл тұрғыда Қазақстан азаматтары алаңдамаса болады», – деп түйіндеді ол сөзін.
Комментарии
0 комментарий(ев)