18+
Новости Актау и Мангыстау
Ақтау және Манғыстау жаңалықтары
10.04.2023, 13:15

«Бақыттың кілті - еңбекте»: қиындыққа мойымаған қайсар жандар

Общество 0 1 609 Станислава Куцай
Маңғыстау облысында ерекше мұқтаждығына қарамастан өз кәсібін өрістеткен жандардың үлесі артып келеді. Олардың бірі тігіншіліктен нәсіп тапса, енді бірі ауыл шаруашылығын қолға алып, ата кәсіпті жалғап отыр, деп хабарлайды Lada.kz.
Айжамал Құсбекова
Айжамал Құсбекова
Ұлттық нақышы қанық бұйымдар - кәсіп көзі

«Қаракөз» брендінің негізін қалаушы Айжамал Құсбекова ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тігумен айналысады. Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұратын 41 жастағы ісмер келіншек тігін кәсібін ілгерілетіп жүргеніне екі жылға жуықтаған. Үш балалы ана дімкәстігіне қарамастан қажыр-қайраты мен ерік-жігерін сүйікті ісінің алға басуына бағыттап, нәпақасын тауып келеді.

«Бақыттың кілті - еңбекте»: қиындыққа мойымаған қайсар жандар


-Мен бұл істі мемлекеттен не өзгеден қолдау күтпей-ақ, жинақ қаражатым арқылы бастадым. Жолдасым да көмектесті. Одан кейін 2022 жылы «Бастау бизнес» мемлекеттік жобасы аясында 1 225 000 мың теңге көлемінде шағын бизнеске арналған грант жеңіп алдым. Мүгедектігімді алға тартып, алақан жайған жоқпын. Өз сүйікті ісіммен айналысып, табыс тауып отырмын, - деді Айжамал Құсбекова.

Қолөнер шебері қайтарымсыз қаражатқа ою кесетін лазерлі станок сатып алған. Қазіргі уақытта ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары, тапсырыс та толастамайды. Еліміздің әр түкпірінен арнайы тапсырыс беретіндер қатары да артып келеді. Айжамал ханым алдағы уақытта өз ауылында қыз жасауын құрайтын қазақы нақышы қанық қолөнер туындыларын сататын дүкен ашуды жоспарлап отыр.

Ісмер келіншектің қолынан шыққан жоғары сапалы, тігісі жатық дүниелер көздің жауын алады. Әсіресе, тұрақты тұтынушылар ою-өрнекпен кестеленген құрақ көрпешелерді ерекше бағалайды. Айжамал Құсбекованың бұл іспен айналысқанына ұзақ уақыт болмасада, «Құнды құрақ» үздік құрақшылар сайысында үздік атанған.

Сүйікті ісін кәсібіне айналдырған кондитер
«Бақыттың кілті - еңбекте»: қиындыққа мойымаған қайсар жандар

Түрлі кондитерлік тағамдарды пісіру жаңаөзендік Гүлнар Жайлыбаеваның сүйікті хоббиі. Ал жаны сүйген ісін табыс көзіне айналдыруды көздеген Гүлнар ханым, бес жылдан бері өз кәсібін өрге жүздіріп келеді. Оның өмірлік ұстанымы - еңбегі көптің-өнбегі көп.

Гүлнар Жайлыбаева бірінші топ мүгедегі. Арбаға таңылған мықты әйел табанды еңбек етіп қана қоймай, 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мүмкіндігі шектеулі болса да алға қойған мақсатына нық қадам басқан кондитер, қаржылай қиындыққа тап болған кезеңде туындаған бастама үлкен кәсіпке айналарын болжап білмеген. Сондай-ақ, табысты кәсіпкер тәтті дүкеніндегі кез келген құрал-жабдықты сатып алу үшін біршама қажыр-қайрат жұмсалғандығын да атап өтті.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, бастапқыда Гүлнар Жайлыбаева тәттілерді үйінде пісірген. Бүгінде оның торттарына
жаңаөзендіктер ғана емес, барша Маңғыстау тұрғындары тарапынан сұраныс зор.

«Бақыттың кілті - еңбекте»: қиындыққа мойымаған қайсар жандар


-Кез келген кішкентай қыз тәтті толы дүкені болғанын армандайтыны өтірік емес. Меніңде бала арманым дәмі тіл үйіретін, түрлі бәліштер мен
торттар пісіру болған. Дәл қазір осы мақсатыма қол жеткізіп қана қоймай, жұмыссыз қыздарға да көмегімді көрсетіп келемін. Жұбайымның қолдауы мен қызымның маған артқан сенімі бұл істі әрі қарай дамытуыма күш-жігер береді, - деді Гүлнара Жайлыбаева.

Тігіншілікті тұмар еткен шебер

«Бақыттың кілті - еңбекте»: қиындыққа мойымаған қайсар жандар


Мұнайлы ауданына қарасты Дәулет ауылында өз ісінің хас шебері, тігінші Бибатпа Кенжебекова 100-ге жуық көрпе тігіп, кәсібінің нәсібін
көріп отыр.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, жастайынан тігінге қызығушылығы әрі бейімі  бар Бибатпа ханым бүгінде мата қиындыларынан құбылта құрақ көрпе құрап, жеке кәсібін жүргізіп келеді. 55 жастағы келіншек екінші топ мүгедегі. Оның жолдасы да ерекше қажеттілігі бар жан. Тағдыр тауқыметіне мойымаған мықты әйел бүгінде тек тігінмен емес бірнеше кәсіппен қатар айналысады.

Өмірлік ұстанымы мығым, қажырлы ана 3 баланы адал еңбектің арқасында өсіріп жеткізгендігін айтады. Бибатпа Кенжебекова өз кәсібін бастауға ниетті жандарға қолдағы мүмкіндікті қалт жібермей, тәуекелге бел бууға кеңес береді.

«Бақыттың кілті - еңбекте»: қиындыққа мойымаған қайсар жандар


-Қазіргі қоғамда жұмыс жоқ деп қол қусырып отыру  қисынға келмейді. «Екі қолға - бір күрек» демекші, он екі мүшесі бүтін, аяқ-қолы сау  адам кез келген істі игеріп кетеріне шүбәсіз сенемін. 2011 жылы мал шаруашылығы саласында ең алғашқы кәсібімді бастап, 2019 жылы  «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 6%-дық үстеме мөлшерлемемен несие алып кәсібімді жалғадым. Сүт, шұбат, құрт, балқаймақ секілді өнімдерді саттым. Кейіннен ауыл тұрғындары табиғи таза өнімдерді дүкеннің сөрелерінен және үйден келіп, сатып алатын болды. Адам әрдайым тәуекелге дайын болуы тиіс. Бақыттың кілті - еңбекте, - дейді Бибатпа Кенжебекова.
Подпишись на наш канал в Telegram
– быстро, бесплатно и без рекламы
Подписаться

Комментарии

0 комментарий(ев)
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи. Зарегистрируйтесь либо, авторизуйтесь. Содержание комментариев не имеет отношения к редакционной политике Лада.kz.Редакция не несет ответственность за форму и характер комментариев, оставляемых пользователями сайта.