18+
Новости Актау и Мангыстау
Ақтау және Манғыстау жаңалықтары
13.02.2026, 14:59

Мұнай алпауыттарының аудиті - Қазақстанның ұлттық табыс мәселесі

Ақпараттық кеңістікті Shell компаниясының қазақстандық жобаларға жаңа инвестиция салуды тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы жаңалық дүр сілкіндірді. Мұндай қадамға Қарашығанақ кен орны төңірегіндегі ұзаққа созылған дау мен Лондон халықаралық төрелік сотының шешімі себеп болған. Сот шешіміне сәйкес, Karachaganak Petroleum Operating (KPO) консорциумы Қазақстанға қомақты өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы «Inbusiness» сайты хабарлайды, сообщает Lada.kz со ссылкой на inbusiness.kz.

Фото kpo.kz
Фото kpo.kz

Бір қарағанда, мұндай мәлімдемелер инвестициялық климат үшін қауіпті сигнал болып көрінуі мүмкін. Алайда, құқықтық процестердің астарына үңіліп, Өнімді бөлісу туралы келісімшарттардың (ӨБК) мәнін талдасақ, жағдай мүлдем басқаша сипат алады. Бұл жерде бизнеске қысым көрсету туралы емес, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық есептілігінде көптен күткен тәртіп орнату мәселесі айтылып отыр.

ӨБК механизмі: Халық несібесі қайда жасырылған?

Конфликтінің түпкі мәнін түсіну үшін Қарашығанақтағы ӨБК моделінің қалай жұмыс істейтінін ұғыну маңызды. Осы келісімге сәйкес, шетелдік компаниялар алдымен өндірілген мұнайдың бір бөлігі есебінен өздерінің күрделі және операциялық шығындарын қайтарып алады («cost oil»), тек содан кейін ғана қалған «пайдалы мұнай» («profit oil») инвестор мен мемлекет арасында бөлінеді.

Мәселе мынада: инвесторлардың өз шығындарын барынша ісіндіріп көрсетуге тікелей мүдделілігі бар. Олар есепте шығынды неғұрлым көп көрсетсе, «өтемақы» ретінде соғұрлым көп мұнай иемденеді, ал Қазақстан Республикасының еншісіне қалатын пайда азая береді.

Үкіметтің уәкілетті органы - «PSA» ЖШС жүргізген аудит бұл салада жүйелі бұзушылықтарды анықтады. KPO консорциумының акционерлері жылдар бойы өндіріске тікелей қатысы жоқ шығындарды өтелетін шығыстар тізіміне қосып келгені белгілі болды.

Лондондағы сот талқылауы бірнеше жылға созылып, жабық режимде өтті. Халықаралық трибунал қазақстандық тараптың уәжін орынды деп таныды. Сот Shell, Eni және өзге де серіктестер мемлекетке жүктегісі келген шығындардың едәуір бөлігі негізсіз екенін растады.

Тәуелсіз сарапшылар мен Bloomberg дереккөздерінің бағалауынша, консорциум Қазақстанға қайтаруы тиіс сома 2-ден 4 миллиард долларға дейінгі аралықты құрайды. Бұл қаражат «айыппұл» емес, іс жүзінде серіктестердің қаржылық құжаттаманы дұрыс жүргізбеуі салдарынан мемлекетке түспей қалған пайданың қайтарылған үлесі.

Инвестициялық бопсалау ма, әлде құқықтық өріс пе?

Shell тарапынан инвестицияны тоқтату туралы мәлімдемелер көбіне шарттарды жеңілдету немесе тексерулерді тоқтату мақсатында үкіметке жасалған қысым ретінде қабылданады. Алайда компаниялардың қаржылық көрсеткіштері Қазақстандағы жұмыстың әлі де аса табысты екенін айғақтайды. Ашық деректерге сүйенсек, Қарашығанақ инвесторлары бастапқы салымдарын бірнеше есе артығымен қайтарып алып, миллиардтаған доллар пайда тауып отыр.

Қазақстан бұдан былай ойын ережесін тек корпорациялар белгілейтін «шикізат аймағы» емес. Үкіметтің уәкілетті өкіл - PSA арқылы ұлттық мүддені қорғауы жер қойнауын пайдаланудың қатаң аудит пен ашықтыққа негізделген кемелді моделіне көшкенін көрсетеді.

Салалық сарапшылар атап өткендей, Қарашығанақ жобасы төңірегіндегі бүгінгі дау - Қазақстан мен инвесторлар арасындағы қарым-қатынастың жариялылыққа бағытталған эволюциясы. Ақыры біздің елде де өркениетті әлем мойындаған стандарттар енгізілуде. Егер Shell сияқты алпауыт компаниялар бизнестің этикалық принциптеріне шынымен адал болса, олар аудит нәтижелерін қабылдап, жұмысты адал серіктестік негізінде жалғастыруы тиіс. Қазақстан, өз кезегінде, халықаралық құқыққа сүйене отырып, халық мүддесін қорғай алатынын дәлелдеді.

 

1
2
0
Подпишись на наш канал в Telegram
– быстро, бесплатно и без рекламы
Подписаться

Комментарии

0 комментарий(ев)
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи. Зарегистрируйтесь либо, авторизуйтесь. Содержание комментариев не имеет отношения к редакционной политике Лада.kz.Редакция не несет ответственность за форму и характер комментариев, оставляемых пользователями сайта.